Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желіде ер адамның бейнеүндеуі тараған. Онда ол жүргізушілерді 1 қараша күні жүк көліктерінің қозғалысын ұйымдасқан түрде тоқтатуға шақырған.
Құқық қорғау органдары бейнежазба авторының жеке басын анықтады.
– Үндеу авторы 41 жастағы А. Баймұханов болып шықты. Рұқсат етілмеген бұқаралық іс-шара ұйымдастыруға шақырғаны үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, – делінген полиция хабарламасында.
Айта кетейік, биыл шілде айынан бастап Алматыда ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеулер енгізілген болатын. Күн сайын сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін оське түсетін жүктемесі 8 тоннадан асатын жүк көліктеріне Саин көшесі, Әл-Фараби даңғылы, Шығыс айналма автомобиль жолы және Рысқұлов даңғылымен шектелген аумақта жүруге тыйым салынған.
Бұған дейін қыркүйек айында Алматыда аталған шектеулерді бұзғаны үшін 3,7 мыңнан астам жүк көлігінің жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны хабарланған еді.