Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, құрылғылар жүрек ырғағы бұзылған үш науқасқа орнатылды. Имплантацияға аритмология бөлімінің меңгерушісі Артур Абдымомунов пен Польша шақырылған сарапшы — профессор Кшистоф Бочар жетекшілік еткен.
— Ота барысында CLS технологиясымен жабдықталған электрокардиостимуляторлар қолданылды. Бұл технология жүрек соғу жиілігін физикалық және эмоциялық жүктемелерге қарай реттеуге мүмкіндік береді. Жүрек жетіспеушілігі қаупін төмендетеді және науқастардың өмір сапасын жақсартады, — деп хабарлады басқармадан.
Орталық директоры Ермағамбет Қуатбаев заманауи технологияларды енгізу және дәрігерлерді озық әдістерге үйрету қаланың кардиологиялық қызметін дамытудағы маңызды бағыт екенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Алматы дәрігерлері 76 жастағы зейнеткерге сәтті ота жасағанын жазғанбыз.