Алматыда жүрекке жылына 500 ашық ота жасалады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жүрек-қан тамыры ауруына шалдыққан науқастарға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін қалалық Кардиологиялық орталық жұмыс істейді.

Фото: Алматы қаласы ӨКҚ

Орталық директоры Ермағамбет Қуатбаевтың айтуынша, емхананың тарихы 1896 жылдан бастау алады. Сол жылы Верный қаласында 15 төсекке арналған Қызыл Крест ауруханасы ашылған. Кейін ол қалалық жедел медициналық жәрдем клиникалық ауруханасына айналып, 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап дербес ұйым — Алматы қалалық Кардиологиялық орталығы болып қайта құрылған.

Қазір орталық еліміздегі ең үлкен бейінді медициналық мекеменің бірі саналады. Мұнда жыл сайын 40 мыңнан астам адам амбулаториялық тексеруден өтіп, шамамен 11 мың науқас стационарлық ем алады.

Фото: Алматы қаласы ӨКҚ

— Қазіргі таңда мұнда жоғары технологиялық медициналық көмектің 18 түрі көрсетіледі. Жыл сайын мамандар шамамен 6 700 ангиография, 3 мыңға жуық коронарлық артерияларды стенттеу операциясын, 500-ден астам ашық жүрекке ота мен 1 мыңнан астам интервенциялық аритмологиялық ем-шараны жүзеге асырады, — деді Ермағамбет Қуатбаев.

Еске салайық, Алматы облысында 10 жыл бойы ісіктің зардабын тартып келген әйелге ота жасалды.