Алматыда Жүсіпбек Елебеков атындағы дәстүрлі әншілер байқауы мәресіне жетті

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Жүсіпбек Елебековтің 120-жылдығына арналған ІІ республикалық колледжаралық дәстүрлі әншілер байқауы өтті. 

Фото: Ж. Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі

Ән өнерінің көрнекті өкілі Жүсіпбек Елебековтің шығармашылығын кеңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтқан байқауға еліміздің әр өңірінен 35 үміткер қатысты. Оның 15-і екінші кезеңге жолдама алып бақ сынады. 

Фото: Ж. Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі

Екі күнге созылған ән байқауына дәстүрлі әнші, Қазақстанның халық артисі Рамазан Стамғазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Еркін Шүкіман, Жеңіс Сейдуллаұлы, «Құрмет» орденінің иегері Ерлан Төлеутай, Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші Талғат Әбуғазы қазылық етті.

«Ән байқауына келген балаларға қойылатын ең басты талаптар – ең алдымен әншінің керемет дауысы, төменгі жоғары ноталарды еркін алуы, қолының домбыраға еркін баруы, үн тазалығы, тіл тазалығы, актерлік шеберлігі, ән айтып тұрғанда алдындағы көрермендерді сезінуі, көрерменге жеткізуі және әннің ішкі драматургиясын аша білуі. Келген балалар бізді сыртымыздан біледі, жақын танысып шеберліктерін шыңдау мақсатында Батыс, Жетісу, Арқа мектептерін қамти отырып, шеберлік сағаттарын өткіздік», - дейді Рамазан Стамғазы.

Фото: Ж. Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі

Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің директоры Жеңіс Сейдуллаұлының айтуынша, ұлтымыздың дәстүрлі ән өнерін дәріптеуді мақсат тұтатын шараның мәдениет саласында ерекше орны бар.

«Жүсіпбек Елебеков – қазақтың классикалық ән өнерін насихаттаушы әрі оны асқан шеберлікпен орындаудың ерен үлгісін елімізде ғана емес шетмемлекетке танытқан дарын иесі. Жүсекеңнің асқан әншілік өнерінің ықпалы бүгінгі күнде қайта жаңғырып, қайта түлеп жатқан дәстүрлі музыка орындаушыларымыздың арасында өркендеп, жас буын әншілеріміз хас шебердің ән мұрасын өздерінің шығармашылық үрдісіне нысана етіп жалғастырып сақтап келеді. Осы орайда ұлы тұлға есімін иеленген қарашаңырақтың, әншінің ән мұрасын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатындағы игі дәстүрі биыл екінші рет жалғасын тауып отыр», - деді ол.

Фото: Ж. Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды өнерпаздар екінші кезеңде Бас жүлде, 1-2-3 орынды, Дипломант атағын және «Көрермен көзайымы» жүлдесін өзара бөлісті.