Алматыда зілзаланы ерте хабарлайтын 28 сейсмостанса тест режимінде істеп тұр

Фото: depositphotos.com

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда күшті жер сілкінісі туралы автоматтандырылған ерте хабарлау жүйесі сынақтан өтіп жатыр.

Алматы қалалық ТЖД-ның мәліметінше, 2023 жылдың соңында автоматтандырылған ерте хабарлау жүйесі бар 28 сейсмостансаның құрылысы аяқталған. 

Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асты: 2022 жылы — 11, 2023 жылы-17 сейсмостанса салынды.

«Қазіргі уақытта жүйе тәжірибелік пайдалануға қабылданды, шетелдік тәжірибе бойынша апробация кезеңі мен сынақтан өтуде. Жүйенің сынақтан өту мерзімі шамамен алғашқы жартыжылдықтың соңына дейін жалғасады» деп хабарлады ТЖД.