Алматыдағы адам өліміне себеп болған жол апаты бойынша іс қайта қаралады

АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда қызметтік автобус пен мопед соқтығысып, жол апаты салдарынан адам қаза тапты.

Фото: Report

Сот жүргізушілерді кінәлі деп танып, марқұмның пайдасына 25 млн теңге моральдық зиян өндіруді міндеттеген. Алайда автобустың иесі болған кәсіпорын жауапкершілікке тартылмаған. Бас прокуратураның наразылығынан кейін іс қайта қарауға жіберілді.

Іс материалдарын зерделеу барысында сот И. және К. есімді жүргізушілерді кінәлі деп танығаны анықталды. Оларға жәбірленушінің пайдасына 25 млн теңге моральдық зиянды ортақ тәртіппен өтеу міндеттелген.

Алайда істі қарау кезінде маңызды мәселе назардан тыс қалған. Жол апатына қатысқан автобустың иесі серіктестік азаматтық жауапкер ретінде танылмаған. Осылайша, жоғары қауіптілік көзі болып саналатын көлік құралының иесі келтірілген зиян үшін жауапкершілікке тартылмаған.

Заң талаптарына сәйкес, жоғары қауіптілік көзінен келтірілген зиян үшін оның иесі де жауапкершілік көтеруге тиіс. Бұл жағдайда кәсіпорын өз қызметкерлерінің әрекеттерінен туындаған зиянды өтеуге қатысуы мүмкін.

Бас прокуратураның наразылығы бойынша кассациялық сот азаматтық талап қоюға қатысты сот актілерінің күшін жойды.

Енді іс қайта қаралып, сотталған жүргізушілер мен заңды тұлғаның материалдық жауапкершілігінің мөлшері айқындалуға тиіс.