Алматы қаласы қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, ол үшін жобалау‐сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы да алынған. Алайда ведомство Алматы қаласының прокуратурасының ұйғарымымен жоба бойынша мемлекеттік сатып алудың қорытындысы жойылғанын хабарлады.
— Мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы анықталмағандықтан, құрылыс-монтаж жұмыстары басталған жоқ. Қаржыландыру жоспарына енгізілген өзгерістерге байланысты «Атакент» аумағын қайта жоспарлау жобасын 2026 жылы іске асыру қарастырылмаған, - делінген жауапта.
Сондай-ақ басқарма «Атакент» іскерлік ынтымақтастық орталығының 27,1 гектар құрайтын аумағы Мемлекеттік жер қорына тиесілі екенін атап өтті.
Бұл мәселе бойынша Алматы прокуратурасы түсініктеме берді. Қала прокурорының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Рақышевтің жауабына сәйкес, «Атакентті» жаңғырту жобасына жарияланған конкурсқа талдау жүргізіліп, нәтижесінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарының бұзылғаны анықталған.
— Анықталған бұзушылықтарды жою туралы прокуратура тиісті мемлекеттік органға ұсыныс енгізіп, оны қарау нәтижесінде тапсырыс беруші конкурс күшін жойды, - деді ол.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Рақышев тапсырыс беруші іс-әрекеттерінің құқыққа сәйкестігіне қатысты дау Алматы қалалық сотында апелляциялық тәртіппен қаралып жатқанын атап өтті.
— Көрсетілген мән-жайларға құқықтық баға сотпен тиісті сот актісін шығару арқылы беріледі, - деді қала прокурорының бірінші орынбасары.
Еске салайық, «Атакент» аумағын жаңғырту жұмыстары басталатынын бірінші Алматының экс-әкімі Ерболат Досаев айтты.
Кейін нысанды Алматының қазіргі әкімі Дархан Сатыбалды жазда аралап көрді. Алматы әкімдігінің мәліметінше, қайта құру 2025 жылдың шілде айынан бастап кезең-кезеңімен жүргізілуі тиіс еді.