Алматыдағы «Атакентті» жаңарту жұмыстары қашан басталады – әкім жауап берді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Атакент» іскерлік ынтымақтастық орталығын қайта құру жұмыстары басталады.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, қайта құру 2025 жылдың шілде айынан бастап кезең-кезеңімен жүргізіледі. Жоба аясында 74 мың м² жол мен тротуарды көріктендіру, 170 мың м² жасыл аймақты абаттандыру, жарық шамдары, көше жиһаздары, спорт алаңдары, модульді әжетханалар мен автоматтандырылған суару жүйесін орнату жоспарланған.
Нысанды аралап көрген Алматы әкімі ағаштардың әртүрлі болуына мән беріп, Алматының климаттық ерекшеліктеріне сай жапырақты ағаш түрлерін отырғызуды тапсырды.
– «Атакенттің» субұрқақ кешені қаладағы ең көрікті орындардың біріне айналуы керек. Бұл жобаның жүрегі болмақ, - деді Дархан Сатыбалды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда «Атакент» аумағы жаңартылатынын жазғанбыз.
Одан бөлек «Атакент» іскерлік орталығының аумағындағы жер телімі көрме залының құрылысы үшін алынады.
– Мемлекет мұқтажы үшін көрме залын салу мақсатында «Atakent Asia Development» ЖШС-дан көлемі 1,4617 гектар болатын жер телімі мен өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімі басталсын, - делінген әкімдік қаулысында.
Жер телімін алу жұмыстарын 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Мемлекет меншігіне өткеннен кейін жер телімі Алматы қаласының Мәдениет басқармасына беріледі.