Мұны Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
— Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының ғимаратын, инженерлік және технологиялық жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары 2024 жылғы 25 қарашада басталды. Нысанды қайта жаңғырту және пайдалануға беру жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған, — деді Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Шерхан Талапов.
Ведомство ғимарат ішіндегі демонтаж жұмыстары толық аяқталғанын хабарлады. Қазір құрылысшылар ғимараттың құрылымдық бөліктерін күшейтіп, қасбеті мен шатырын қалпына келтіріп жатыр. Сонымен қатар ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, инженерлік желілер мен қауіпсіздік жүйелері жаңартылып жатыр.
— Құрылыс-монтаж жұмыстары жаңартылған кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Жұмыстардың техникалық талаптары мен жобалық шешімдері техникалық және авторлық қадағалау арқылы қамтамасыз етіледі, — деп хабарлады Мәдениет комитеті.
Театрда қойылымдар қашан қайта қойылады?
Негізгі құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін де театр көрермендерді бірден қабылдай алмайды. Комитет мәліметінше, театр толыққанды жұмыс істеуі үшін сахнаның төменгі механикасына арналған жабдықтарды орнатып, іске қосу қажет. Бұл жабдықтар театрдың жеке техникалық параметрлеріне сәйкес арнайы дайындалып жатыр. Бұдан бөлек, кешенді сынақтар өткізу керек.
— Құрылыс-монтаждың негізгі кезеңінің аяқталуы бас сахнаның қойылымға дайын екенін білдірмейді. Жұмыстардың технологиялық ретін ескере отырып, бас сахнадағы қойылымдардың нақты мерзімі қажетті шаралар аяқталып, нысанның дайындығы расталғаннан кейін белгіленеді, — делінген комитет жауабында.
Театрдың іші қалай өзгереді?
Жоба бойынша театрдың ішкі кеңістіктері мен техникалық инфрақұрылымы толық өзгертілуі тиіс. Үлкен және кіші көрермен залдары, сахна кеңістіктері, дайындық залдары, костюм және грим бөлмелері, көркемдік-декорациялық цехтар, дыбыс жазу, фото және бейнестудиялар, фойе мен касса аймағы, әкімшілік және әртістерге арналған бөлмелер, сондай-ақ техникалық және қосалқы аумақтар жаңартылады.
Бұдан бөлек, инженерлік коммуникациялар толық ауыстырылып, сахналық және мультимедиалық жабдықтар жаңартылады. Заманауи акустикалық жүйелер де орнатылады.
— Өрт қауіпсіздігі, ғимараттың сейсмикалық төзімділігі талаптарын сақтау және нысанды пайдалану кезінде қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылады, — деп хабарлады комитет.
Қайта жаңғырту аяқталғаннан кейін ғимараттың жалпы ауданы 30 497 шаршы метр болады. Үлкен көрермен залы 634 орынға, ал кіші зал 201 орынға есептелмек. Осылайша, екі залдың жалпы сыйымдылығы 835 орын болады.
Сонымен қатар жоба аясында ерекше қажеттілігі бар адамдар мен жүріп-тұруы қиын азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыру қарастырылған.
Ғимараттың тарихи келбеті қалай сақталады?
Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының ғимараты жергілікті маңызы бар сәулет ескерткіші саналады. Сондықтан қайта жаңғырту жобасы техникалық инфрақұрылымды жаңартып, театрдың мүмкіндіктерін кеңейтумен қатар, ғимараттың тарихи келбетін сақтауды да көздейді.
— Осы мақсатта қасбеттің сәулеттік және сәндік элементтері 3D-сканерлеу технологиясы арқылы жасалды. Оларды тарихи келбетін өзгертпей, заманауи материалдарды пайдалана отырып қайта қалпына келтіру жоспарланған, — деп атап өтті ведомство.
Комитет мәліметінше, ғимарат ішіндегі мозаикалық композициялар мен барельефтерді де бастапқы көркемдік ерекшеліктерін сақтай отырып қалпына келтіру көзделген. Қайта жаңғырту жұмыстарының басты міндеттерінің бірі — театрдың тарихи және сәулеттік құндылығын сақтау.
Қайта жаңғырту жұмыстарын кім жүргізіп жатыр және құны қанша?
Жобаның тапсырыс берушісі — Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры. Бас жобалаушы ұйым — «Актюбгражданпроект» өндірістік кооперативі, ал бас мердігер — BI Urban Construction ЖШС.
Комитеттің хабарлауынша, жобаны іске асыру мәдени мұра нысанын сақтауға, театр инфрақұрылымын жаңғыртуға, көрермендер мен шығармашылық ұжым үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Алайда ведомство қайта жаңғырту жұмыстарының құны, бөлінген және игерілген қаражат көлемі туралы ақпаратты айтпады.
— Жобаның құны, оның ішінде бөлінген және игерілген қаражат көлемі туралы мәліметтер «Қызметтік пайдалану үшін» деген белгісі бар құжаттарда болады және ол таралуы шектеулі қызметтік ақпаратқа жатады. Белгіленген шектеулерге байланысты сұратылған қаржылық көрсеткіштерді ұсыну мүмкін емес, — делінген комитет жауабында.
Еске салсақ, бұған дейін Мұхтар Әуезов атындағы театрды жаңғырту жобасы қай сатыда екенін жазған едік.
Сондай-ақ 2020 жылы Әуезов театрына «Ұлттық» мәртебесі берілген еді.