Алматыдағы ауған тауарлары көрмесіне қару-жарақ қойылғаны рас па

Фото: Фото: Alikhan Sariyev

АСТАНА. KAZINFORM – Бірер күн бұрын Алматыда ауған тауарларының көрмесі өтті. Желіде сол көрмеге қаруға ұқсас заттар қойылғаны жайлы ақпарат тарады.

Сауда және интеграция министрлігінің ресми мәліметінше көрмеге қолдан тоқылған кілемдер, жеміс-жидек, көкөніс, жаңғақтар, шафран шәйі, антиквариат, құрылыс материалдары, асыл тастар, кондитерлік өнімдер мен басқа да көптеген дәстүрлі ауған тауарлары қойылды. 

Бүгін Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғариннен көрмеге қойылған заттар, оның ішінде қару-жараққа ұқсас бұйымдардың бар-жоғын нақтылады. 

«Ауған халқы тумысынан қолөнерші. Бұл әлемнің тарихи қиылысы. Сіз олардың металдан жасалған бұйымдарын көрдіңіз бе? Мен көрмеден арматурадан жасалған ауыр балғаны көрдім, яғни металдан кез келген затты жасай алады. Олар таңғажайып бұйымдар жасайды, мұның бәрі жаңашылдық. Көрмеге қойылған дулыға басқа да кәдесыйларды адамдар сатып алуы мүмкін», - деп жауап берді Серік Жұманғарин брифинг барысында. 

Осылайша вице-премьер ауған тауарлары көрмесіне ешқандай қару-жарақ қойылмағанын айтып отыр. 

Бұған дейін Қазақстанда ауған тауарларын сататын сауда үйі ашылатыны туралы хабарлаған едік. 

Айта кетсек, Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда айналымы 330,7 млн долларға жетті.