Алматыдағы автобус апаты: марқұмның отбасы жүргізушіні кешірді

Фото: Фото: видеодан аалынған скрин

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда «5:32» веб-сериалының продюсері себепкер болған жол апатына қатысты сот отырысы болып жатыр.

Іс Алмалы аудандық сотында ҚР Қылмыстық кодексі 345-бабының 3-бөлігі бойынша іс қаралы жатыр. 28 жастағы әйелге көлiк құралын басқару кезінде жолда жүру қағидаларын бұзу, оның ішінде абайсызда адам өліміне әкеп соғу бабы бойынша айып тағылып отыр.

Сот отырысында Анель Сартаева өз кінәсін толық мойындап, өкінетінін жеткізді. Сонымен қатар, ол апаттың қалай болғанын айтып берді.

«Мен сағат 13:55-те үйімде қалған 4 айлық қызымды тамақтандыруға бара жытыр едім. Масаншы көшесімен келе жатып, Lotus бизнес орталығынан кейін шлагбаумнан өтіп, сол жақ бағытта келе жатқан көліктерді өткіздім. Көшеде бағдаршам болмағандықтан, жолдың босағанын күттім. Мақатаев көшесін кесіп өтіп, Масаншы көшесімен жоғары қарай қозғала бастағанда соқтығыстық. Көліктің қауіпсіздік жастықшасы ашылып, біраз уақыт есімді жоғалттым. Адамдар маған көмектесуге жүгірді, мен бірден автобусқа қарай бет алдым. Жедел жәрдем шақырдым, бірақ телефон желісі бос емес еді. Кейін полицейлер келіп, көлік иесінің кім екенін сұрады. Мен барлық қажетті құжатты бердім. Тергеу аясында өз кінәмді бірден мойындап, әр шақыртуға келіп тұрдым», – дейді ол.

Сотталушы сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында оның отбасы барлық жәбірленушімен кездесіп, моральдық және материалдық шығынды өтегенін атап өтті. Сондай-ақ сот отырсында А. Сартаева барлық жәбірленуші мен марқұмның туыстарынан кешірім сұрады.

«Жәбірленушілерден кешірім сұраймын. Қатты өкінемін және қаншалықты өкінгенімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бұл зор қайғы екенін білемін. Көңіл айтамын. Өтінемін, мені барлық болған жағдай үшін кешіріңіздерші», - деп жылады айыпталушы.

Жол апатынан қаза тапқан марқұмның ағасы бауырының сауда орталығындағы аяқ киім дүкенінде жұмыс істегенін атап өтті. Сол күні ол автобуспен жүрген. Бауырының жол апатына ұшырағаны туралы кешке қарай естіген, оған дененің мәйітханаға бағытталғаны хабарланған.

Сондай-ақ ол айыпталушының әкесі материалдық және моральдық шығынды өтеуді ұсынғанын, алайда бас тартқанын айтты. Өйткені олардың отбасында ақша мәселесі жоқ. Сондай-ақ ол айыпталушыны кешіретінін жеткізді.

Еске салайық, 26 маусым күні қоғамдық көлік пен жеңіл машина соқтығысқан еді. Салдарынан 16 адам жарақат алып, бір адам қаза тапты. 

Кейін қоғамдық көлік камерасы түсірген бейнежазба желіде тарады. 

Автобустың апатқа ұшырауына «5:32» веб-сериалының продюсері себепкер болған. 

Кейін күдікті деп танылған жеңіл көлік жүргізушісі Анель Сартаева тергеу уақытында үй қамағында болатыны туралы жазған едік.