Алматыдағы балалар үйі Қонаев қаласына көшірілетін болды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы облысының білім басқармасы Бағанашыл ықшамауданында орналасқан №1 балалар үйі тәрбиеленушілерінің Конаевқа көшіру мәселесіне қатысты пікір білдірді.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде аталған мекеменің тәрбиеленушілерінің видеоүндеуі тараған еді. Онда олар үш ай бұрын облыс әкімімен өткен кездесуде көшіру болмайды деген келісім жасалғанын жекткізді.
Алайда, сол келісімге қарамастан, балалар үйін басқа қалаға – Конаевқа көшіру мәселесі қайта көтерілгенін айтты. Олар көшуге қарсы. Аталған жағдайға байланысты Алматы облысының білім басқармасы түсініктеме берді. Айтуларынша ғимарат апатты жағдайда тұр.
– 1963 жылы салынған ғимарат қазір пайдалану үшін жарамсыз деп танылды. 2024 жылы «Астанақұрылыссервис» ЖШС жүргізген техникалық зерттеу нәтижесінде, ғимараттың тірек құрылымдарында жарықтар анықталған, ал жылу және су жүйелері толығымен тозған және қалпына келмейді. Ғимарат санитарлық, өрт қауіпсіздігі және құрылыс талаптарына сай келмейді, - делінген ресми жауапта.
Осыған байланысты Алматы облысы әкімінің 2025 жылғы 9 шілдедегі қаулысы және білім басқармасының 10 шілдедегі бұйрығы негізінде тәрбиеленушілерді кезең-кезеңімен Конаев қаласындағы жаңа заманауи балалар үйіне көшіру жұмыстары басталды.
Әкімдік мәліметінше, 180 орынға арналған жаңа балалар үйі жеке инвесторлар есебінен салынып, мемлекет меншігіне берілген. Ғимарат қазіргі заман талабына және балалар мекемелеріне қойылатын стандарттарға толық сай келеді.
Көшіру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады: алдымен 1-4 сыныпта оқитын 44 бала көшіріледі. Ал жоғары сынып оқушылары кейінірек, оқу процесінің тұрақтылығын және әлеуметтік бейімделуін ескере отырып көшіріледі.
Қазір мекемеде 171 бала тәрбиеленіп жатыр, олардың 125-і – жетім, ал 46-сы – қиын өмірлік жағдайға тап болған балалар. Мекемеде барлығы 85 қызметкер жұмыс істейді, олардың 42-сі — педагог.
– Әлеуметтік желілерде тараған жалған ақпараттарға байланысты, білім басқармасы нақтылайды: балалардың бәрі, қай жерде тұрса да, медициналық қызметпен тегін қамтамасыз етіледі және заңнамаға сәйкес тұрғын үй алу кезегіне тұру құқығына ие. Балалар үйі орналасатын аумақтың батпақ екені туралы айтылған ақпарат шындыққа жанаспайды. Көшіру балалардың құқықтарын шектемейді және өмір сүру жағдайларын нашарлатпайды, - деп атап өтті ведомстводан.
Білім басқармасы жаңа мекемеге көшіру тәрбиеленушілердің қауіпсіздігін, сапалы білім алу, медициналық көмекке қол жеткізу және қолайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында жасалып жатқанын мәлімдеді.
Еске салайық, 2025 жылдың наурызында Алматыдағы Баганашыл ықшамауданындағы №1 облыстық балалар үйін Конаевқа көшіру туралы ақпарат пайда болған еді. Сол кезде тәрбиеленушілер әлеуметтік желіде өздерін бұрынғы орнында қалдыруды сұрап, видеоүндеу жолдаған еді.
Кейін Алматы облысының әкімдігі балалар үйінің тәрбиеленушілері Конаевқа көшірілмейтінін хабарлады.