Бақылау қорытындысы бойынша заңсыз сауданың 45 нүктесі анықталып, онда 1 211 адам саудамен айналысқаны белгілі болды. Бұл туралы Алматы әкімдігіндегі заңсыз көше саудасын жою және стационарлық емес сауда нысандарын орналастыруды ретке келтіру мәселесі бойынша кеңесте айтылды.
– Бүгінде олардың 27-сі немесе 60%-ы қызметін тоқтатты. Қалған нүктелер негізінен ірі базарлар маңында, соның ішінде Алатау және Жетісу аудандарындағы «барахолка» аумағында орналасқан, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ кеңесте рейдтік іс-шаралардың уақытша нәтиже беретіні, проблемалық аумақтарға тұрақты бақылауды күшейту және әрбір учаскені жауапты құрылымдарға бекіту қажеттігі айтылды.
Мемлекеттік жер қорындағы 516 сауда нысанының 413-і бұзылды. Қазіргі уақытта 103 нысан бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
Кеңесте әлеуметтік жағдайға байланысты орналастырылған нысандар мен стационарлық емес сауда нысандары мәртебесін коммерциялық мақсатта пайдаланатын жағдайларды нақты ажырату қажеттігіне ерекше назар аударылды. Талаптарды бұза отырып орналастырылған және тұрғындарға қолайсыздық тудыратын нысандар заңнама талаптарына сәйкестендірілуге тиіс.
Сонымен қатар жеке аумақтардағы жағдай қаралды. Жалпы 1 093 нысанға мониторинг жүргізілді. Бұл бағытта жер учаскелерінің нысаналы мақсатының сақталуын және қала құрылысы талаптарының орындалуын тексеруді қоса алғанда, заңнамада көзделген рәсімдерді жүргізу қажет.
Кеңес барысында заңсыз нысандарға қатысты әрекет ету мерзімін қысқарту, оларды қайта орналастырғаны үшін жауапкершілікті күшейту және уәкілетті органдардың бұзу жұмысын жүргізу өкілетін кеңейту мақсатында заңнаманы жетілдіру мәселесі де көтерілді.
Еске салайық, бұған дейін Алматы вокзалында жолаушылардың мазасын алған саудагерлер жазаланғанын хабарлаған едік.