Алматыдағы бас ботаникалық бақта жаңа жылыжай қашан салынып бітеді
Алматы қаласының бас ботаникалық бағы Instagram парақшасында жылыжайды қайта салу жұмыстарына қатысты жазба жариялады, деп хабарлайды Kazinform.
Ботаникалық бақтың мәліметінше, соңғы уақытта жылыжайдың тағдырына қатысты БАҚ-та көптеген мақалалар, блогерлер мен бей-жай қарамайтын қала тұрғындарының жарияланымдары пайда болды. Сондай-ақ, күн суытып, қысқа аз қалған шақта жылыжайды қайта салуды аяқтау мәселесі өзекті екенін хабарлады.
«Жылыжай 1969 жылы салынған, ауданы 1025 шаршы метр. Ғимараттың 50 жыл ішінде табиғи тозуы барлық дерлік металл құрылымдардың коррозияға ұшырауына, іргетастың жартылай бұзылуына, шыны жабындарының тығыздығының бұзылуына, жалпы, бүкіл жылыжай ғимаратының бұзылуына әккелді, апатты жағдайда болды, күрделі жөндеу жұмысын жүргізу қажет болды», - делінеді жазбада.
Үнемі жүргізілген ұсақ жөндеу жұмыстары жақсы нәтиже бермеген. 2018 жылдың қысында жылыжай жылусыз қалып, үлкен апатқа ұщыраған еді.
«Бұл апат кактустар мен суккуленттердің бүкіл коллекциясының өліміне әкелді. Коллекцияны қалпына келтіруге 3 жыл уақыт кетті. Оқиғадан кейін қадағалаушы министрлік осы мәселеге назар аударды. Жаңа жылыжайдың құрылысы бүкіл ғимаратты бұзу немесе құрылыс үшін басқа алаңды бөлуді көздеді, бірақ екі жағдайда да ірі өсімдіктер аман қалмаушы еді», - деп хабарлады Ботаникалық бақтың ұжымы.
Жылыжайды биыл 14 маусымға дейін пайдалануға берліуі керек еді, алайда олай болған жоқ. Осыған байланысты ботаникалық бақ сотқа жүгініп, «Строительная компания ШАХ» ЖШС-ны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану және құрылыс жұмыстарын аяқтап, нысанды пайдалануға беру жөніндегі міндеттемелерін орындауға мәжбүрлеу туралы талап арыз беруге мәжбүр болды.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 24 тамыздағы шешімімен институттың талаптары толық көлемде қанағаттандырылды. Осы шешіммен Мердігер Объектінің құрылысын аяқтауға міндетті. Алайда, қазір мердігер Алматы сотының азаматтық істер жөніндегі алқасына апелляциялық шағым түсірді. 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін жарамды келісім-шарт негізінде «Строительная компания ШАХ» ЖШС жыл соңына дейін металл конструкцияларын, шынылау және жылу жүйелерін орнатуды аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл жағдайда институт өзінен талап етілетіннің бәрін жасады: жоба авторының жобалық-сметалық құжаттаманы түзету жөніндегі қызметтеріне ақы төледі, бюджеттік бағдарламаның әкімшісіне, яғни Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне хаттар жіберді.
«Осылайша, біз мәселені шешудің әртүрлі нұсқаларын қарастырдық және жылыжайды қайта салу жұмыстары 2024 жылдың жаз мезгілінде аяқталуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз», - деп хабарлады Алматы қаласының бас ботаникалық бағының ұжымы.