Алматыдағы Байтұрсынов скверін әкімдік емес, жеке инвестор жөндейді

Фото: Альберт Ахметов / Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Байтұрсынов скверін абаттандыру және жаңарту жұмыстарына қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Бұл сквер Никольский шіркеуінің қасында, бұрынғы «Целинный» кинотеатрының артында орналасқан. 

«Целинныйдың» иелері ғимаратты қазіргі заманғы мәдениет орталығына айналдырған еді. Енді олар скверді қайта жөндеуді де жоспарлап отыр. Жобаны ғимаратты қайта жасаумен айналысқан ұлыбританиялық архитектор Асиф Хан ұсынған.

Алматы әкімдігімен тиісті меморандумға қол қойылғаны белгілі болды. Алайда жұмыстардың қашан басталатыны әзірше нақтыланбаған — сквер аумағындағы кейбір жер телімдерінің құжаттарына қатысты рұқсат пен келісім алу процесі әлі аяқталған жоқ.

Алматының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы агенттіктің ресми сауалына жауап беріп, меморандумның мазмұнын түсіндірді.

— Басқарма мен «АРЦ-Галерея» ЖШС арасында Байтұрсынов атындағы скверді күрделі жөндеуден өткізу жөнінде меморандумға қол қойылды. Жер телімі сатылмайды және жалға берілмейді, қала меншігінде қалады. Скверді қайта жөндеуді ЖШС өз қаражаты есебінен, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырады, — деп түсіндірді Алматы әкімдігі.

Заң тұрғысынан барлық мәселе шешілгеннен кейін жеке инвестор жобаны әзірлеп, оны қала әкімдігімен келіседі.

Реконструкциядан кейін саябақ жабылмайды және қоршалмайды, ол тұрғындарға қолжетімді болып қала береді. Жаз мезгілінде мұнда суретшілер мен сәулетшілерге арналған көрмелер мен іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Еске салайық, 27 қыркүйекте Алматыда еліміздегі алғашқы бокс-парк — теңіз контейнерлерінен жасалған серуен аймағы жұмысын бастады.

Кешен Төле би көшесі мен Розыбакиев көшесінің қиылысында орналасқан, жалпы аумағы — 2,7 мың шаршы метр.