Алматыдағы Бостандық ауданының көшелерін жөндеуге 3 млрд теңге бөлінді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бостандық ауданында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүріп жатыр.
Бостандық ауданының әкімі Санжар Әлиннің айутынша, былтыр ауданда 1,3 млрд теңгеге 30,5 шақырым жолға (33 көше) орташа жөндеу жұмысы жүргізілген. Ал биыл 19 көшенің 27,5 км жол жамылғысын жаңарту жоспарланған. Бұл мақсатқа 3 млрд теңге бөлінген. Орташа жөндеуден бөлек, осы жылы әдепкі жол жөндеу жұмыстары да қатар жүргізіліп, 30 мың шаршы метр асфальт жамылғысы қалпына келтірілді. Оған 500 млн теңге жұмсалды.
– Жыл соңына дейін қосымша 10 мың шаршы метр асфальт жабынын жөндеу жоспарланып отыр, оған қосымша 150 млн теңге бөлінді, - деді аудан әкімі.
Бостандық ауданының әкімдігінің мәліметінше, 2025 жылы Өтепов, Әбіш Кекілбайұлы, Наурызбай батыр, Тілендиев, Садықов, Мұстафин, Розыбақиев, Радостовец, Шашкин, Торайғыров, Бұқар Жырау мен Померанцев көшелерін қоса алғанда, 12 көше техникалық тротуармен қамтамасыз етілді. Атқарылған жұмыстарға 308 млн теңге жұмсалған.
– Биыл тамыз айынан бастап 10 жаяу жүргіншілер өткелінде – бес жерүсті және бес жерасты өткелінде лифтілер мен көтергіштерді күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстары басталады. Бұлар ерекше қажеттілігі бар азаматтарға жайлы әрі қолжетімді қалалық орта қалыптастыруға бағытталған. Барлық жұмыс 2026 жылдың соңына дейін аяқталады, - деді Санжар Әлин.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда қаншалықты автотұрақ бағасы қымбаттауы мүмкін екенін жазғанбыз.