Алматыдағы демалыс орнынан «ойын-сауыққа арналған газ» табылды

Фото: Видеодан скрин

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда адамға күшті әсер ететін заттарды заңсыз сату дерегі анықталды.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында ойын-сауық мекемесінен азот тотығы салынған металл баллондар тәркіленді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

— Осындай заттарды «ойын-сауық» немесе «зиянсыз қызмет» ретінде өткізуге бағытталған кез келген әрекет қатаң түрде тоқтатылады. Күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіреді және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады, — деді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.

Еске салайық, Алматыда цифрлық төлеммен жұмыс істеген есірткі таратушылар ұсталды.