Алматыдағы гранит плиталар мен жиектастар дауы - әкімдік түсініктеме берді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазіргі уақытта Үлкен Алматы өзенінің арнасында қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.
Бұған дейін осы құрылыс алаңынан түнгі уақытта гранит плиталардың құлыптас әзірлейтін цехке тасымалданып жатқаны туралы бейнежазба жарияланды.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, бейнежазбадағы көрсетілген материалдар қосалқы мердігер ұйым тарапынан әртүрлі жиектас үлгілерін көрсету үшін сатып алынып, нысанға жеткізілген.
Белгілі бір түрі таңдалып, келісілгеннен кейін, қалған материалдар тапсырыс беруші – Экология және қоршаған орта басқармасының келісімімен нысаннан шығарылған.
- Бұл жұмыстар үшін тапсырыс беруші тарапынан төлем жүргізілген жоқ және бюджет қаражаты жұмсалмаған. Осылайша қайта жаңғыртылып жатқан нысан аумағында заңсыз әрекеттер жасалды деген мәлімет шындыққа сәйкес келмейді. Қазіргі уақытта мердігер ұйым уәкілетті органдарға тиісті өтініш беру үшін құжаттарды әзірленіп жатыр, - деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, Алматы әкімі Бостандық ауданындағы Үлкен Алматы өзенінің жағалауынан гранит плиталардың ұрлануына қатысты қызметтік тергеу бастауды тапсырды.