Алматыдағы «ХХ26» фестивалі тыңдармандарды әлемдік премьерамен қуантты

АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда ХХ ғасыр музыкасы мен қазіргі заман композиторларының шығармашылығына арналған III «ХХ26» фестивалі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Дәстүрлі түрде өтетін фестиваль бағдарламасы әлемдік музыка өнерінің жауһар туындылары мен қазіргі композиторлардың шығармаларын қамтыды.

Кеш шымылдығы Т.Әбдірашев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің орындауындағы Густав Малердің № 6 симфониясымен ашылды.

Фестивальдің екінші күні Клод Дебюсси мен Бела Бартоктың шығармалары орындалды. Музыкалық кеш барысында тыңдармандар «TAU» шығармасының (II, III бөлімдер) әлемдік премьерасына куә болды. Айтулы оқиға қазақ музыкасындағы жарқын сәттердің біріне айналды.

«ХХ26» фестивалі — өткен ғасырдың музыкалық мұрасы мен бүгінгі заманның жаңашыл үнін тоғыстыратын бірегей жоба. Үш жыл ішінде фестиваль еліміздегі академиялық музыка өнерінің дамуына жаңа серпін берген мәдени алаң ретінде қалыптасты.