Алматыдағы Ықылас музейі жаңа жұмыс кестесіне көшті

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 2026 жылы наурыз айынан бастап Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі келушілер үшін жаңа жұмыс кестесін енгізді. 

Фото: Алматы әкімдігі

Енді музей сейсенбіден жексенбіге дейін 10:00-ден 00:00-ге дейін жұмыс істейді. Дүйсенбі – санитарлық күн.

Алматы әкімдігінің хабарлауынша, жаңартылған жұмыс кестесі қала тұрғындары мен қонақтарына музейге кешкі уақытта және өздеріне ыңғайлы кез келген уақытта келуге мүмкіндік береді.

Музей 1981 жылы құрылған. Музей қорында қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарымен қатар әлемнің 50-ден астам елінің музыкалық мәдениетін танытатын бірегей жәдігерлер сақталған.

Қазіргі уақытта музейде 9 экспозициялық зал жұмыс істейді. Экспозицияда желбуаз, адырна, тұяқтас сияқты сирек кездесетін қазақ музыкалық аспаптары, сондай-ақ кең таралған домбыра, қобыз, сыбызғы көрсетілген.

Айта кетейік, бұған дейін музей сейсенбіден жексенбіге дейін 10:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейтін.

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі Зенков көшесі, 24а мекенжайында орналасқан.

Еске салайық, әнші Димаш Құдайберген 2026 жылғы 18 ақпанда Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде өткен «Димаш: бір дауыс – мың ел» көрмесінің ашылуында музей қорына жеке домбыраларын табыстағанын хабарлағанбыз. 

Олардың бірі – бала күнінде атасы сыйға берген, шығармашылық жолына серік болған қастерлі домбырасы, екіншісі – әншінің қолтаңбасы қойылған аспап.