Алматыдағы инженерлік желілер қысқа дайын

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының коммуналдық қызметтері су құбыры мен кәріз желілерін қысқы маусымға дайындау жұмыстарын толық аяқтады.

Коммуналдық кәсіпорынның мәліметінше, қысқы кезеңге қажет отын және реагент қоры жасақталған. Электр жабдықтарына толық тексеру жүргізіліп, сорғы станциялары мен ЖЭО-1, ЖЭО-2, ірі және шағын – қазандықтарға жеткізуші желілер мен жабдықтар сынақтан өтті.

– Жазғы жөндеу кезеңінде жалпы көлемі 103 мың текше метр болатын 30 таза су резервуары мен 800 км-ден астам су және кәріз желілері тазартылды. 9,1 мың өрт гидрантына тексеру мен жөндеу жүргізілді, 100 мыңнан астам құдық тазартылып, 1 200 жапқыш арматура ауыстырылды, - деді «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының ресми өкілі, департамент директоры Серік Шағыров.

Сонымен қатар автокөлік және арнайы техникаларға маусымдық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстары орындалды. Қала бойынша тәулік бойы кезекшілік ететін 44 апат бригадасы толық техникамен және қажетті құралдармен қамтамасыз етілген.

Бұған қоса, қазан айынан бастап алматылықтар су тұтыну көлеміне қарамастан, бірыңғай тариф бойынша төлем түбіртектерін ала бастады. Бұл тәртіп жыл соңына дейін сақталады, ал 2026 жылдан бастап нақты тұтыну бойынша есептеу қайта енгізіледі.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 8 қазаннан бастап әлеуметтік нысандарға жылу берілетінін хабарлағанбыз.

Жылыту маусымын әдеттегіден ертерек бастау туралы шешім ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты қабылданды.