Алматыдағы «Қалқаман» метро бекетінің мерзімі тағы нақтыланды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімдігі «Қалқаман» метро бекетінің құрылысын 2026 жылдың алғашқы жартысында аяқтауды жоспарлап отыр.
Әкімдіктің мәліметінше, cол жақтағы тоннельде рельстер төселіп, жарықтандыру, кабель тарту, су құбыры мен дренаж жүргізу, инженерлік жабдықтарға арналған кронштейндер орнату жұмысы аяқталды. Алдағы уақытта бейнебақылау, дауыс хабарлау жүйесі, өрт және күзет дабылдарын монтаждау жоспарланған.
Оң жақ тоннельде қазу жұмысының негізгі бөлігі аяқталды. Бекет аумағында монолитті құрылымдар бойынша жұмыс соңғы кезеңде. Сонымен қатар әрлеу, коммуникациялар тарту және жабдықты орнатуға дайындық жүріп жатыр. Құрылыс тәулік бойы жүргізіліп жатыр, нысанда 478-ден астам маман жұмыс істейді.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапасы мен белгіленген мерзімді қатаң сақтау қажет екенін айтты. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылдың бірінші жартысының соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Еске салайық, бұған дейін «Қалқаман» метро бекетінің құрылысы қаржыландыру бірқалыпты бөлінсе, 2026 жылдың алғашқы жартысында аяқталатынын хабарланғанбыз.
Негізі станцияны бастапқыда 2025 жылы ашу жоспарланған еді. Оның іске қосылуы тәулігіне жолаушы санын 20 мың адамға арттырады деп жоспарланған. Алайда кейін мерзім 2026 жылға шегерілді.
Сонымен қатар 2030 жылға дейін «Барлық» базарына дейін тағы үш бекет салу көзделген. Онда ірі көлік-логистикалық торап – Батыс автовокзалы, LRT және метро бекеттері бар көлік хабы құрылмақ.