Алматыдағы Көкжайлау курорты бойынша қоғамдық тыңдаулар қашан өтеді

Фото: Александр Павкий/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы маңындағы таулы аймақта Almaty Super Ski тау-шаңғы курорты 2028 жылдың соңына қарай ашылмақ. Құрылысты 2026 жылы бастау жоспарланған. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің алқа отырысында Kazakh Tourism Development басшысы Ержан Еркінбаев мәлімдеді. 

Жаңа курорт Алматының тау бөктерін қамтиды. Жоба аясында 60 шақырым тау-шаңғы трассасы, 16 аспалы жол салынады. Кешеннің өткізу қабілеті тәулігіне 10 мыңнан астам шаңғышыны қабылдауға жететіндей жобаланған.

Ержан Еркінбаевтың айтуынша, жобаға әлемнің жетекші шетелдік компаниялары тартылған.

— Биыл сәуірде қоғамдық тыңдауларды өткізуді, шілдеде құрылысты бастауды және курортты 2028 жылдың желтоқсанында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Көкжайлаудағы курорттың жаңа нұсқасында ерекше қорғалатын табиғи аумақ жерлері қолданылмайды, сондай-ақ жеке коттедждер мен виллалар салуға қатаң тыйым салынады. Тау-шаңғы курорты Іле-Алатауы ұлттық паркінің аумағында орналасады. Жалпы аумағы 1 000 гектар болса, соның тек 20 гектары қонақүй, жалға беру орындары, қоғамдық тамақтану және өзге де инфрақұрылымға бөлінеді, — деді Еркінбаев.

Оның сөзінше, жоба аясында тау-шаңғы трассаларын жобалау, жасанды қар жүйелерін орнату және жасанды көлдер салу бойынша кеңесшілер тарту көзделген. Сонымен қатар көшкін мен опырылысқа қарсы қосымша қауіпсіздік шаралары да әзірленіп жатыр.

— Ауа райына тәуелді болмаймыз: трассалардың 70%-ына жасанды қар жүйесі орнатылады. Сонымен бірге трассалардың 70%-ы «жасыл» және «көк» санатында болады, яғни енді ғана сырағанауды бастаған шаңғышылар мен әуесқойларға арналған, — деді ол.

Еркінбаев жаңа курорттың ел және қала бюджеті үшін елеулі экономикалық тиімділік әкелетінін де айтты.

Сарапшылардың бағалауынша, жоба іске асқанда курорт жыл бойы жұмыс істейтін нысанға айналады. Оның әлеуеті жылына 2,4 млн шаңғышы мен 6,4 млн жаяу туристі қабылдауға жетеді. Жылына шамамен 8,9 млн адам келуі мүмкін.

— Көтергішке билет алған әрбір турист қосымша шығын жасайды: 1 доллар билеттің өзінен тыс, шамамен 5 долларды құрал-жабдық жалға алу, нұсқаушы қызметі мен тұруға жұмсайды, ал 15 долларды мейрамханалар, музейлер, театрлар және басқа да демалыс түрлеріне береді. Бір турист курортта күніне орта есеппен 300 доллар жұмсап, үш күн аялдаса, экономикаға жыл сайын шамамен 1 млрд доллар тікелей кіріс әкелуі мүмкін, — деді Еркінбаев.

Еске салайық, бұған дейін Алматы тау кластерінде қосымша 30 арқанжол, 161 шақырым шаңғы жолағы пайда болатынын хабарлағанбыз.