Қала әкімдігінің мәліметінше, бақылау барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесінің сақталуына, баға белгілеу тәртібіне, тауарларда баға көрсеткіштерінің болуына және өнімсіз делдалды анықтауға басымдық берілді.
– Сонымен қатар кәсіпкерлерге сауда саласындағы заңнама талаптарын сақтау, баға көрсеткіштерін дұрыс рәсімдеу және белгіленген сауда үстемесін қолдану мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді, - делінген хабарламада.
Тексеру нәтижесінде заң талаптарын бұзған кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы 1 025 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде 717-сі тауар бағасын теңгемен көрсетпегені үшін, ал 308-і әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15 пайыздық сауда үстемесін асырғаны үшін рәсімделді. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 25 миллион теңгеден асты.
Бұдан бөлек, өңірлік комиссияның жұмысы барысында 18 өнімсіз делдал анықталып, олардың қызметі тоқтатылды.
Сауда саласындағы заңнаманың сақталуын бақылау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бағытындағы тексеру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.
Еске салайық, бұған дейін елімізде базарларды тексеру кезінде 247 кәсіпкердің табысын жасыру әрекеті анықталғанын хабарлағанбыз.