Алматыдағы LRT жобасы қай кезеңде

Фото: almaty-lrt.kz

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жеңіл рельсті көлік (LRT) желісінің бірінші кезегін салуға арналған техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу жалғасып жатыр.

Қалалық жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, LRT-ның бірінші кезегі Алматы-2 теміржол вокзалынан басталып, Абылай хан даңғылы, Төле би және Момышұлы көшелері бойымен Алатау ауданындағы Момышұлы көшесінің батыс жағында, Индустриялық аймақтың оңтүстігінде орналасатын депоға дейін созылады.

Бірінші кезектің ұзындығы — 18,3 шақырым. Ал жалпы желінің ұзындығы 32,5 шақырым болады деп жоспарланған.

— Жеңіл рельсті көліктің бірінші желісінің алғашқы кезеңін салуға арналған техникалық-экономикалық негіздеме дайын болғаннан кейін ғана жобаның техника және қаржыға қатысты деректері, нақты құны, қаржыландыру көзі, жүзеге асыру мерзімі, мемлекеттік қолдау шаралары мен инвестиция көлемі анықталады, — деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Асан Бостанов Kazinform сауалына берген жауабында.

Айта кетейік, Алматыда LRT салу идеясы 2018 жылдан бері талқыланып келеді. Алғашқы жоба нұсқасында ұзындығы 22,7 шақырым болатын екі жолда 37 станция қарастырылған. Қозғалыс интервалы — ең көп дегенде 4 минут, ал бір тәуліктегі жолаушылар саны 76-112 мың адам болады деп болжанған. Коммерциялық орташа жылдамдық 22 шақырым/сағ, ал жобаны жүзеге асыру мерзімі 2019-2042 жылдар аралығында жоспарланған еді.

Кейін құрылыс бірнеше рет кейінге шегерілді. 2020 жылы бастау жоспарланғанымен, ТЭН бойынша жобаның инвестициялық құны 94,2 млрд теңге (ҚҚС-пен бірге) деп бағаланып, қаржылық мәселелерге байланысты тоқтатылған.

2021 жылы сол кездегі қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жобаны жүзеге асыруға шамамен 1 млрд АҚШ доллары қажет болатынын, қаржыландыру тетігі талқыланып жатқанын мәлімдеген. Кейін қалалық әкімдік жобаны қаржыландыратын инвестор табылғанын хабарлады.

2022 жылы билік өкілдері Төле би көшесінің бойымен өтетін LRT желісінің алғашқы желісін 2027 жылға қарай іске қосуды жоспарлап отырғанын айтты.

2023 жылы бұл мәселе қайтадан күн тәртібіне шықты. Алматының жаңа Бас жоспарын әзірлеуші, көлік саласының сарапшысы Роман Барабанов қаланың дамуы транзитке бағытталған қағидаға негізделетінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл тұжырымдаманы сәтті іске асыру үшін BRT, LRT, метро сияқты магистралды қоғамдық көлік дәліздерін және жаяу жүргіншілерге ыңғайлы қашықтықта орналасқан арнайы жолақтарды дамыту қажет.

2023 жылы желтоқсанда жаңа LRT жүйесінің алғашқы бөлігі 2027 жылға дейін салынатыны хабарланды. Желі Момышұлы, Төле би және Райымбек даңғылдарының бойымен өтеді және қаланың шығыс шетіне дейін созылады.

Жақында Алматыда LRT желісіне арналған депо салынатыны белгілі болды. Ол Алатау ауданындағы Индустриялық аймақта орналасады. Болашақта LRT желісі Алматы-2 теміржол вокзалын «Барлық» және «Шығыс» көлік тораптарымен байланыстырады.