Алматыдағы орталық клиникалық аурухана таратыла ма
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыдағы орталық клиникалық аурухананға тіркелген тұрғындарға емдеу мекемесінің таратылатыны туралы хабарлама келіп жатыр.
«Орталық клиникалық аурухана» АҚ тарату комиссиясының жұмысы аяқталғаннан кейін таратылады, яғни 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап бекітілген халыққа қызмет көрсету тоқтатылады,- делінген хабарламада.
Емдеу мекемесінің баспасөз қызметінің мәліметінше, мұндай хабарлама «Орталық клиникалық аурухана» АҚ-нан Ұлттық госпиталь болып қайта құрылуына байланысты жіберіліп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, медициналық мекеме пациенттерді 30 күн бұрын хабардар етуі тиіс.
«Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, тұрғындарды «Орталық клиникалық аурухана» АҚ-нан Ұлттық госпитальға кезең кезеңімен көшіру жұмыстары жүргізілуде. Барлық науқасқа амбулаторлық-емханалық көмек көрсетіледі. Толық ақпарат кейінірек беріледі»,- деп жауап берді Kazinform агенттігі жолдаған сауалға.
Еске салайық, былтыр Совмин ресми түрде Ұлттық госпитальге айналғаны туралы жазған едік.