Алматыдағы рейд: полиция түнгі клубтарда жүрген жасөспірімдерді анықтады
АЛМАТЫ – KAZINFORM. Алматының Алмалы ауданында түнгі уақытта өткізілген рейд барысында ойын-сауық орындарында кәмелетке толмағандардың жүргені анықталды.
Профилактикалық шараны Алмалы аудандық полиция басқармасы учаскелік инспекторлар, ювеналды полиция, криминалдық полиция және көші-қон қызметі мамандарымен бірлесіп жүргізді.
Полицияның мәліметінше, рейдтің мақсаты – жасөспірімдердің түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол бермеу және мекемелердің заң талаптарын сақтауын бақылау.
Тексеру барысында бірнеше заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде:
• кәмелетке толмағандардың ғимаратта болу ережелерін бұзу;
• қоғамдық тәртіпті бұзу;
• көші-қон заңнамасын сақтамау;
• темекі өнімдерін, кальян мен электронды шылымдарды шегуге тыйым салу талаптарын елемеу.
Мәселен, бір барда тыныштықты бұзу және көші-қон ережелеріне қатысты төрт әкімшілік құқық бұзушылық тіркелсе, тағы бір мекемеде екі осындай дерек анықталды. Ал темекі және электронды шылым шегуге тыйым салу талаптарын бұзу бойынша 17 дерек тіркелді.
– Басты мақсатымыз – тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау ғана емес, әсіресе жасөспірімдердің заңсыз түнгі өмірге араласуына жол бермеу. Ата-аналар мен мекеме иелері осы мәселеге ерекше назар аударуға тиіс, – деді Алмалы аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Ержан Оразаев.
Алматы полициясы мұндай рейдтерді тұрақты түрде өткізіп тұратынын және заң талаптарын бұзған мекемелерге қатысты қатаң шаралар қолданылатынын ескертті.
Еске салайық, бұған дейін Алматының ойын-сауық орталықтарында түнде антитеррористік оқу-жаттығу өтетінін жазған едік.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, 18-20 тамыз аралығында түнгі уақытта Mega Almaty аумағында (Розыбакиев көшесі, 247а), «MOSKVA Metropolitan» аумағында (8-шағынаудан, 37/1) және арнайы ХҚКО-да (Саялы шағынауданы, Ақ-Қайнар көшесі, 1) жоспарлы антитеррористік оқу-жаттығулар өткізіледі.