Алматыдағы «Сайран» вокзалы коммуналдық меншікке қайтарылуы мүмкін

Фото: Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы әкімдігі «Сайран» автовокзалының меншік иесімен оны коммуналдық меншікке қайтару мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.

Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ерболат Досаев мәлімдеді.

Қала басшысының айтуынша, «Сайран» бекеті 2000 жылдардың ортасында жеке меншікке өтіп кеткен. Осыдан бес жыл бұрын иесі ғимаратты жаңартты.

— Біз үшін автовокзал үлкен ішкі көлік хабы ретінде өте маңызды. Алматының Бас даму жоспарына және егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына сәйкес автовокзал қоғамдық — іскерлік аймақта, атап айтқанда, көліктік қызмет көрсету объектілері аймағында орналасқан, сондықтан ол жолаушылардың ауысып отыруларына өте ыңғайлы, — деді Ерболат Досаев.

Алматы әкімі автовокзал иесімен одан әрі реконструкция жүргізу және бірыңғай кешен құру үшін оны коммуналдық меншікке қайтару бойынша келіссөздер басталғанын атап өтті.

Айта кетейік, осыған дейін Алматыға биіктігі 6 метрден асатын ірі көшеттер отырғызылатыны айтылды.