Алматыдағы сел қаупі бар көлдер тәулік бойы бақылауда - ТЖМ

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласындағы сел қаупі бар учаскелердегі гидрологиялық ахуал Төтенше жағдайлар министрлігінің тұрақты бақылауында.

Фото: ТЖМ

ТЖМ мәліметінше, төтенше жағдайлар бөлімшелері мен азаматтық қорғау қызметтері тәулік бойы жерүсті жедел топтары мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен мониторинг жүргізіп жатыр.

Ағымдағы жағдайды бағалау үшін ТЖМ әуе кемесімен мореналық көлдерге аэровизуалды тексеру жүргізілді. Нәтижесінде мұздықтардың белсенді еруі мен ауа температурасының көтерілуіне байланысты көлдердің қарқынды толып жатқаны анықталды.

«Сонымен қатар көлдердің жарылу, суының арнасынан асу немесе сел ағындарының қалыптасу қаупін білдіретін белгілер анықталған жоқ», – деп хабарлады министрлік.

Қазіргі уақытта жағдайды бақылау үшін ТЖМ мен Алматы қаласы ТЖД базасында 6 жедел штаб жұмыс істейді. Қала аумағында тәулік бойы бақылауға алынған 11 сел қаупі бар учаске белгіленген. Өзендердің жай-күйі туралы ақпарат нақты уақыт режимінде ТЖМ мен Алматы қаласы ТЖД-ның ахуалдық залдарына жеткізіліп отыр.

Алдын алу шаралары аясында Ақсай өзенінің арнасы тазартылып, шамамен 100 тонна тұрмыстық және табиғи қоқыс шығарылды. Сондай-ақ өзеннің әртүрлі учаскелерінде жағалауды бекіту жұмыстары жүргізіліп, инертті материалдар мен қаптар төселді.

ТЖМ мәліметінше, сел қаупі бар учаскелерге мониторинг тәулік бойы жалғасуда. Жедел әрекет етуге қажетті күштер мен құралдар толық дайындыққа келтірілген.

Айта кетейік, Алматы облысында автожол мен демалыс аймақтарын су басты.