Алматыдағы танымал саябақта бұралқы иттер қаптап жүр: әкімдік жағдайға қатысты пікір білдірді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласындағы басты саябақтардың бірі — 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында бұралқы иттер көбейіп кеткен. Осы жағдайға байланысты Kazinform агенттігі жолдаған сауалға әкімдік жауап берді.
Алматы қалалық әкімдігінен мәлім еткендей, бұралқы иттерді аулаудың негізгі операторы — Алматы қаласы Кәсіпкерлік басқармасының «Алматы ветеринариялық қызметі».
— 28 панфиловшы саябағының аумағында жануарларды аулау қызметінің бригадалары 1-10 мамыр аралығында тұрақты рейдтер жүргізді, 3 ит ұсталды, тұзақ торлары орнатылды. Бүгін, 2025 жылдың 19 мамырында 2 бұралқы ит ұсталды. Қазіргі уақытта осы объектіде тұзақ торларын ұстау және орнату жұмыстары жалғасып жатыр, — делінген әкімдік жауабында.
Жалпы, бұралқы итті аулау адам өмірі мен денсаулығын қорғау, жануарлар ауруларының алдын алу және иесіз жануарлардың санын азайту мақсатында жүзеге асырылады.
— Аулау кәсіпорынның диспетчерлік +7 (708-89) 5-64-04; 338 29 38 және Алматы қаласының бірыңғай «109» қызметі арқылы жеке және заңды тұлғалардың өтінімдері бойынша тегін жүзеге асырылады. Демалыс және мереке күндерін қоспағанда, аулау қызметі бөлімінің күн сайын 9 кезекші бригадасы (27 қызметкер) қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды аулауға шығады. Ауланған жануарлар тасымалданатын торға орналастырылып, уақытша ұстау пунктіне мамандандырылған автокөлікпен жеткізіледі, — деп атап өтті әкімдіктен.
Осыған дейін Алматының 28 панфиловшы саябағында бұралқы иттер қаптап жүргені туралы жазғанбыз.
Бұған дейін Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасына қарасты Ветеринарлық қызмет мамандары Kazinform тілшісіне бұралқы иттерді ұстау және аулау жұмыстары қалай жүргізілетіні туралы айтып берген. Олардың мәліметінше, биыл бұл мақсатқа 580 млн теңге бөлінген.
Сондай-ақ қала әкімі тұрғындармен кездесу барысында Алматыда бұралқы иттер мәселесінің қалай шешіліп жатқанын баяндаған болатын.
Айта кету керек, биыл ауыр жағдайда қалған қараусыз жануарларға көмек көрсету үшін екі мамандандырылған бригада құрылған.
Сонымен қатар, Алматыда үй жануарларын тегін зарарсыздандыру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.