Алматыдағы тарихи бекіністің қазіргі жай-күйі қалай

АЛМАТЫ. KAZINFORM — XIX ғасырда негізі қаланған Алматыдағы әскери бекіністің нашар күйде екеніне алматылықтар шағымданып келеді. Осыған орай, Kazinform фототілшісі мамыр айында аталған аймаққа арнайы барып, тарихи орынның бүгінгі жай-күйімен танысып қайтты.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Көне бекіністің орны Жетісу ауданында Тәтібеков көшесінің бойында орналасқан. Бұған дейін бұл аймақ жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші деп танылған еді. Алайда бүгінде жері бірнеше бөлікке бөлініп, жеке меншікке өтіп кеткен.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Әлеуметтік желіде мегаполис тұрғындары бекіністің қазіргі күйін көрсетіп, оның жағдайын талқылап жүр. Суреттерден құрылыс пен тұрмыстық қалдықтарға толған бос жатқан жерлерді көруге болады. Пікір жазған қала тұрғындары тарихи орынның қараусыз қалғанына наразылық білдіріп, биліктен бұл жерді тәртіпке келтіруді талап етті. Кейбір қолданушылар бұл аймақтың ондаған жылдар бұрынғы бейнесін еске алды.

Фото: Александр Павский / Kazinform

— Мұнда байланыс әскерлері батальоны орналасқан үш казарма бар еді. Асхана мен клуб ғимараты, медициналық пункт жұмыс істеп тұратын. Ал батысқа қарай техникалық аймақ — байланыс техникаларын сақтайтын ғимараттары бар № 4 қалашық орналасқан болатын, — деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Сонымен қатар бұл жерді қайта жаңғыртуға бағытталған ұсыныстар да айтылып жатыр. Тұрғындардың бірі мұнда көне Верный бұрышын жасауды ұсынды. Айтуынша, XIX ғасырдан қалған ағаш үйлерді осы жерге көшіріп, қолөнер шеберханалары мен сол заманның күйін көрсететін дәмханалар ашу қажет. Сондай-ақ сақталып қалған ғимараттардан мұражай жасау керек.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Бекіністен не сақталған?

Верный бекінісінің негізі 1854 жылы қаланған. Бүгінге дейін XIX–XX ғасырларға тиесілі бірнеше ағаш ғимарат қана жеткен. Олардың кейбірі мемлекет қорғауындағы ескерткіштер тізіміне енген.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Түсірілім кезінде агенттік фототілшісі бекініс аумағынан үйіліп жатқан қоқысты көрді. Кіреберістегі белгітас тазаланып, гүл құмыралары әктелгенімен, дәл қасындағы ескі темір қоршау жалпы көріністі бұзып тұр. Ал нысан іргесіндегі Кіші Алматы өзенінің бойы қоқысқа толған.

Фото: Александр Павский / Kazinform
Фото: Александр Павский / Kazinform

Сақталып қалған ғимараттардың көбін жақыннан көру мүмкін емес — бәрі қоршаулардың артында тұр.

Фото: Александр Павский / Kazinform
Фото: Александр Павский / Kazinform

Әкімдік жауабы қандай

Kazinform агенттігі көне аумақтың кімге тиесілі екенін және оны абаттандыруға кім жауапты екенін анықтау үшін қала әкімдігіне ресми сауал жолдады. Алайда бұл сауалға алдымен «Алматы тазалық» мекемесі жауап берді. Олардың мәліметінше, аталған жер телімі кәсіпорынның қарамағында емес. Сондай-ақ олар бұл аумақта тек кәсіпорын техникалары тұратынын нақтылады.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Кейін бұл мәселеге байланысты Мәдениет басқармасы жауап берді. Ведомство мәліметінше, бекініс ғимараттары қала әкімдігінің 2021 жылғы 17 наурыздағы № 1/191 қаулысымен жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Қазір әртүрлі жылдары салынған 5 нысан сақталған. Оның төртеуі (бұрынғы казармалар мен қойма ғимараттары) «Алматы тазалық» кәсіпорнының аумағында орналасқан. Ал тағы бір нысан — атқора жеке меншікке өтіп кеткен.

Фото: Александр Павский / Kazinform
Фото: Александр Павский / Kazinform

Бүгін шаһар басшылығы тарихи бекініс жағдайына байланысты қосымша түсініктеме берді. 2026 жылдың сәуір айында Жетісу ауданы әкімдігінің қызметкерлері табиғатты қорғау полициясымен бірге аумаққа тексеріс жүргізген. Оның қорытындысы бойынша жер иесіне абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін ескерту жасалды.

Фото: Александр Павский / Kazinform

15 сәуірде аталған жер теліміне иелік ететін «SA Capital Story Group» ЖШС кепілдік хат ұсынып, аумақты 2026 жылдың 31 мамырына дейін қоқыстан толық тазартуға міндеттелген болатын. Алайда белгіленген мерзімде бұл міндеттеме орындалмаған.

Фото: Александр Павский / Kazinform

— 2 маусым күні аудан әкімі аппаратының қызметкерлері мен табиғатты қорғау полициясы оқиға орнына қайта барып, тексеріс жүргізді. Меншік иесі белгіленген мерзімде аумақты тазаламағандықтан, табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері ӘҚБтК 505-бабы («Алматы қаласын абаттандыру ережелерін бұзу») бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Айыппұл көлемі — 30 АЕК (129 750 теңге), — деп хабарлады әкімдіктен.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Еске салайық, 1921 жылы 5 ақпанда Жетісу облыстық революциялық комитетінің Верный қаласының атауын Алматы деп өзгерту туралы шешім қабылдады. Бірақ тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаевтың айтуынша, Алматы — ежелден келе жатқан тарихи атау. Ол тарихи жазбаларда кездеседі.