Алматыдағы Тереңқұр саябағында ағаштар неге шабылды — әкімдік жауап берді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматылықтар әлеуметтік желіде Тереңқұрда ағаштар шабылып, күмәнді құрылыс басталғанын айтып шағымданған болатын. Осыған орай Kazinform редакциясы Алматы қаласының әкімдігіне сауалхат жолдап, құрылыстың мән-жайын анықтады.
Мегаполис әкімдігінің баспасөз қызметі Медеу ауданына қарасты Тереңқұр саябағындағы су айдынының айналасында қайта жаңарту жұмыстары басталғанын хабарлады.
— Сараптамадан өткен жоба аясында апатты жағдайдағы ағаштарды кесу көзделген. Орман-патологиялық зерттеу жұмысының нәтижесі бойынша 29 ағаш түп орнымен қазып алынбақ. Бүгінде қайта құру жұмысын жүргізетін мердігер ұйым қураған 2 ағашты алып тастады. Мердігер ұйым кесілген ағаштардың орнына өтемақы ретінде 290 түп ағаш отырғызуға міндеттелді, — делінген әкімдік жауабында.
Сондай-ақ жалпы реконструкция аясында аумағы кең демалыс аймағы, серуендеу жолы, жаяу жүргіншілер көпірі, амфитеатр, спектакльдер сахнасы салынбақ. Оған қоса тоған мен ротонды абаттандыру, балалар мен спорт алаңдарын, орындықтар мен урналарды, жарықтандыру тіректерін жасау, автосуару жүйесін тарту қарастырылған. Жоспар бойынша реконструкция жыл соңы қарай аяқталады.
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі Тереңқұр саябағындағы 3,4 га жер 20 жылдан астам жеке меншікте болғанын атап өтті.
— Алматы қаласының Медеу ауданындағы Тереңқұр саябақ аймағы су айдынының айналасындағы жалпы ауданы 3,4 га учаске 20 жылдан астам жеке меншікте болды. Осы жылдар ішінде аталған учаскеге еш жөндеу жүргізілген жоқ. 2023 жылы учаске коммуналдық меншікке қайтарылды. Нысан қала балансына қайтарылғаннан кейін реконструкциялау бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеу жұмыстары басталды. Жобалау жеке қаражат есебінен жүзеге асырылды, бұл мақсаттарға бюджеттен қаражат жұмсалмады. ЖСҚ аясында барлық қажетті жобалау-іздестіру жұмыстары, оның ішінде экологиялық сараптама жүргізілді, — деп хабарлайды әкімдіктен.