Алматыдағы тергеу изоляторына үш рет тыйым салынған заттар өткізілмек болған
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласында қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесіне тыйым салынған заттарды алып кіру әрекетінің жолы кесілді.
Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері осындай үш дерек тіркелген. Олардың барлығы Алматы қаласындағы тергеу изоляторында болған. Ал өткен жылы қаладағы мекемелерде осыған ұқсас 11 жағдай анықталған.
— Профилактикалық түсіндіру жұмысы мен ресми ескертулерге қарамастан кейбір азаматтар түзеу мекемелеріне тыйым салынған заттарды алып кіруге әрекет жасауды жалғастырып келеді. Бұл ретте тұрақты түрде алдын алу шаралары ұйымдастырылады. Сонымен қатар қызметкерлер тарапынан бейнебақылау күшейтіліп, өткізілетін сәлемдемелер мен заттарға мұқият тексеру жүргізіледі, — деп хабарлады полициядан.
Полиция азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Себебі тыйым салынған заттарды алып кіру немесе өткізу әрекеті қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғу мүмкін.
Еске салайық, Шымкенттің түзеу мекемесінде азаптау ісі бойынша үш қызметкер қамауға алынды.