Алматыдағы тұрғын үй шатырындағы үй сүріле ме

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы көпқабатты үйлердің бірінің төбесіне салынған жеке үйді сүру туралы әкімдіктің талабына қатысты сот отырысы жүріп жатыр.

Фото: видеодан алынған скрин

Қаланың қала құрылысы бақылау басқармасы аталмыш нысанға қатысты Kazinform сауалына жауап берді.

— 2025 жылғы 30 мамырда басқарма Алматы қаласы Алмалы ауданы №2 аудандық сотына Алмалы ауданы, Қазыбек би көшесі, 154/84 мекенжайында орналасқан нысан бойынша жеке тұлғаларға қатысты талап-арыз жолдады. Қазіргі уақытта аталған талап-арыз сотта қаралу сатысында тұр, — делінген басқарманың жауабында.

Бұған дейін Жұмалиев көшесі, 84 мекенжайындағы 9 қабатты тұрғын үйінің төбесінде жеке үй салынғаны белгілі болды. Бұл құрылыс әлеуметтік желілерде наразылық туғызды.

Әкімдік нысан 2012 жылы заңды негізде пайдалануға берілгенін түсіндірді. Алайда желідегі қызу талқылаудан кейін ғимараттың құқықтық мәртебесін растау үшін мұрағаттық құжаттарды көтеруге уәде етті.

Еске салайық, Алматыда жыл басынан бері 33 заңсыз құрылыс нысаны сүрілді.