Халықаралық рейтинг қорытындысы бойынша Кімасар шатқалы әлемдегі ең үздік 100 жаяу серуендеу бағыты арасында 56-орынға тұрақтады. Ал Бұтақты шатқалы осы санатта 79-орынға ие болды.
Shymbulak аспалы жолы әлемдегі үздік аспалы жолдар рейтингінде 9-орын алып, алғашқы ондыққа енді.
Үш туристік нысан да The Worldworthy 100 рейтингінің лауреаты сертификатын иеленді. Бұл Алматының таулы аймақтарына халықаралық деңгейде қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді.
The Worldworthy 100 – әлемнің көрнекті туристік орындарын саралайтын халықаралық редакциялық рейтинг. Оны әзірлеу барысында саяхатшылардың пікірі, халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар, туристік гидтердің ұсынымдары мен ашық дереккөздердегі ақпараттар ескеріледі.
Алматы таулары жыл сайын миллиондаған туристі қабылдайды. 2026 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи саябағына 1,6 миллионнан астам адам барған.
Mastercard деректеріне сәйкес, 2025 жылы Shymbulak шетелдік туристер арасында Алматының ең танымал туристік орны атанды. Қаладағы туристік нысандарға жасалған шетелдік сапарлардың 30,62%-ы осы бағытқа тиесілі болған.
– Алматының бірден үш таулы туристік нысанының әлемдік үздік жүздікке енуі – қаламыздың туристік әлеуетінің жоғары бағаланғанын көрсететін маңызды жетістік. Бүгінде Алматы саяхатшыларды табиғатының көркемдігімен ғана емес, белсенді демалысқа арналған сан алуан мүмкіндігімен де қызықтырады. Қала әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы аясында қолжетімділік пен қауіпсіздікке, бірегей табиғатты сақтауға ерекше назар аудара отырып, тау туризмін дамытуды жалғастырамыз, – деді Алматы қаласы Туризм басқармасының өкілдері.
Ведомство мәліметінше, Алматы тау кластері жобасын жүзеге асыру туристік инфрақұрылымды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Жоба аясында аспалы жол желісін кеңейту, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту және жыл бойы демалуға арналған жаңа мүмкіндіктер жасау көзделген.
Алматыдағы үш бірдей таулы туристік нысанның халықаралық деңгейде жоғары бағалануы қаланың Орталық Азиядағы табиғат аясында демалу және белсенді туризм бойынша жетекші бағыттардың бірі ретіндегі орнын нығайта түседі.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы тау кластері жобасының құрылысына дайындық басталған болатын. Жоба аясында «Шымбұлақ» курортында жаңа көтергіштер салынып, Бұтақты және Кімасар шатқалдарында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қолға алынды.