Алматыдағы веложарысқа байланысты «Медеуге» барар жол уақытша жабылады

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Жексенбі күні Алматыда «Giro d’Almaty 2025» веложарысына байланысты көлік қозғалысы шектеледі. 

Алматы әкімдігінің мәліметінше, әуесқойлар мен велоспорт ардагерлері арасында дәстүрлі Giro d’Almaty веложарысы 19 қазанда өтеді. Бұл – Қазақстандағы әуесқой велоспорттың ең беделді жарыстарының бірі. 

Фото: Алматы әкімдігі

Спорттық іс-шараға байланысты сол күні сағат 08:00-ден 09:30-ға дейін көлік қозғалысы уақытша шектеледі. Шектеу Керей – Жәнібек хандар көшесінің батыс жағында, яғни «Royal Tulip Almaty» қонақүйінен «Медеу» мұз айдынына дейінгі аралықта енгізіледі.

– Қозғалыс шектеуі қатысушылардың бағытына қарай кезең-кезеңімен алынып отырады. Қала тұрғындары мен қонақтарынан түсіністік танытып, бағыттарын алдын ала жоспарлауды сұраймыз, - деп хабарлады әкімдіктен. 

Еске салайық, биыл тамыз айында Алматыда велоспорттан әлем чемпионаты өтті.