Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Олег Чернов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталып, алдын ала сот отырысы 28 мамыр күні сағат 15:00–ге белгіленген. Сот отырысы Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтеді.
Бұған дейін Алматы полиция департаменті бұл қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеудің аяқталғанын хабарлаған еді.
Еске салайық, 2026 жылғы 21 наурызға қараған түні Zeekr көлігінің жүргізушісі әл-Фараби даңғылының бойымен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Кейінірек Алматы полициясы көшедегі көлік жарыстары туралы мәлімдеме жасады.
Сондай-ақ Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов жол апатына көше жарысының себеп болғаны және оған полицияның жоғары лауазымды тұлғасының қатысы туралы желіде тараған ақпараттарға пікір білдірді.