Алматыдағы жедел ветеринарлық көмек: екі елік, бір үкі және жүздеген үй жануары құтқарылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда пилоттық жоба аясында тәулік бойы жұмыс істейтін мобильді бригадалар 200-ден астам жануарға көмек көрсетті. Иттер мен мысықтардан бөлек, мамандар жылқы, есек, тіпті үкіні де емдеген.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінің хабарлауынша, қалада іске қосылған жаңа қызмет жануарларды құтқаруға үлес қосып жатыр.

«Алматы ветеринарлық қызметі» бастамасымен 18 ақпаннан бері тәулік бойы жұмыс істейтін екі мобильді бригада қиын жағдайға тап болған жануарларға алғашқы ветеринарлық көмек көрсетіп, бұрын босатылған жануарларға құтыруға қарсы қайта екпе егіп жатыр.

– Осы уақытқа дейін 223 жануарға көмек көрсетілді. Оның ішінде 154 ит, 64 мысық, бір есек, бір жылқы, екі елік және бір үкі бар. Сондай-ақ 1 259 итке қайта екпе егілді, - делінген хабарламада.

158 жануар толық сауығып, өз мекеніне жіберілді, ал екі елік Алматы зообағына берілді.

Мамандардың айтуынша, мұндай жұмыс жануарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, аурулардың таралу қаупін азайтады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда жедел ветеринариялық көмек іске қосылғанын хабарлаған едік.

Жедел ветеринариялық көмекті шақыру үшін 8 708 595 64 04, 338 27 59 нөмерлеріне немесе Алматының бірыңғай қызметіне (109) хабарласу қажет.