ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, тексеруге әлеуметтік желілерде жарияланған жалған медициналық анықтамалар мен жеке медициналық кітапшаларды беру фактілері болуы мүмкін екені туралы ақпарат негіз болған.
Ведомство заңбұзушылықтар расталған жағдайда уәкілетті органдар өз құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдайтынын мәлімдеді.
— Медициналық құжаттар белгіленген талаптарға сәйкес нақты жүргізілген медициналық тексерулер мен зерттеулердің нәтижелері бойынша ғана рәсімделуге тиіс. Мұндай құжаттарды белгіленген тәртіпті айналып өтіп рәсімдеуге және пайдалануға жол берілмейді, — деп мәлімдеді министрлік.
Денсаулық сақтау министрлігі ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабында жалған ресми құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу, сондай-ақ жалған құжаттарды көрінеу пайдалану үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салды.
Бұл ретте жауапкершілік құжаттарды заңсыз рәсімдеген адамдарға ғана емес, жалған анықтамалар мен еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарын саналы түрде сатып алған немесе пайдаланған азаматтарға да жүктелуі мүмкін.
Министрлік медициналық құжаттарды рәсімдеуді бақылауға арналған цифрлық құралдар да дамып жатқанын хабарлады.
2026 жылдың басынан бері Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелері арқылы 13,7 миллионнан астам электрондық медициналық құжат қалыптастырылған. Оның ішінде 8 095 396-сы — медициналық анықтамалар мен еңбекке уақытша жарамсыздық парақтары, ал тағы 5 698 396-сы — диспансерлік есепке қатысты анықтамалар. Олардың қатарында психиатрия, наркология және фтизиатрия бағыттары бойынша құжаттар бар.
Сонымен қатар еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарын рәсімдеу тәртібі өзгерді. Енді құжат медициналық ұйым қызметкерінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен медициналық ақпараттық жүйеде қол қойылғаннан кейін ғана беріледі.
Азаматтың келісімімен еңбекке уақытша жарамсыздық парағының ашылғаны және ұзартылғаны туралы ақпарат жұмыс берушіге hr.enbek.kz порталы арқылы жіберіледі. Ал азаматтың өзі құжатты Enbek HR мобильді қолданбасынан көре алады.
Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды медициналық негіздерсіз анықтамалар мен еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарын рәсімдеуге келіспеуге, медициналық ұйымдардың заңды жұмыс істейтінін тексеруге және анықталған заңбұзушылықтар туралы құзырлы органдарға хабарлауға үндеді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда алаяқтар өзін емхана қызметкері ретінде таныстырып, жаңа алдау схемасын қолдана бастағанын хабарлағанбыз.