Алматыдағы жеке мектепте суицид жасамақ болған оқушы қыздың жағдайы белгілі болды

Фото: Pexels

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Диана Ерлан жеке мектептердің бірінде оқитын, суицид жасауға әрекеттеніп, кейін ауруханаға жеткізілген оқушы қыздың жағдайына қатысты түсінік берді. 

Ол әлеуметтік желідегі парақшасында қыздың қазіргі уақытта медициналық мекемеде дәрігерлердің бақылауында екенін мәлімдеді. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр, жағдайы жақсарып келеді.

— Қыздың әкесімен байланыстамын, психологиялық көмек ұсынылды. Бұл жағдай бойынша Алматы білім басқармасы жанынан мониторингтік топ құрылды, сондай-ақ тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы, себептері мен нақты деректер анықталып жатыр. Тексеру аяқталғанға дейін қауесеттер мен тексерілмеген ақпаратты таратудан, сондай-ақ үшінші тұлғаларға жанама айып тағудан бас тартуды сұраймын, — деп жазды Диана Ерлан.

Бұған дейін баланың әкесі Қанат Әміркин әлеуметтік желіде оқиға туралы жазба жариялаған. Оның айтуынша, қызы жансақтау бөліміне түскен. Әкесі болған жайтқа жеке мектептегі жағдай себеп болды деп есептейді және баласына психологиялық қысым көрсетілгенін айтты.

Алматының білім басқармасы арнайы мониторингтік топ құрылғанын хабарлады. Топ құрамына салалық бөлімшелердің, Білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің, психологиялық қолдау және бала құқықтарын қорғау орталықтарының, қалалық Қоғамдық кеңестің, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері кірген.

— Қазіргі уақытта топ жеке мектептегі жұмысын бастады. Оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты зерттеліп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Мәселе ерекше бақылауда, — деп мәлімдеді басқарма өкілдері.

Аталған дерек бойынша Алматының Наурызбай аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Алматы полиция департаменті жауапты тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға тергеу нәтижесіне сәйкес берілетінін, ал процессуалдық шешімдер қолданыстағы заңнама аясында қабылданатынын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін енді жеке мектептер тек нақты қажеттілік туындаған өңірлерде ғана ашылатынын жазғанбыз.