Алматы әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта бұрын тек көмірмен жұмыс істеген ЖЭО-ны газға көшіру жұмыстары қолға алынған. Бұған дейін станция жыл сайын шамамен 37 мың тонна зиянды зат шығарған. Жаңа газ станциясы іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш 90%-дан астам қысқарып, жылына шамамен 2 700 мың тоннаға дейін азаяды.
– Парниктік газдардың, соның ішінде көмірқышқыл газының (CO₂) көлемі де азаяды. Егер бұрын оның жылдық көлемі 4 млн тоннаға жуық болса, жаңғыртудан кейін бұл көрсеткіш 2,7 млн тоннаға дейін төмендейді. Бұл қала ауасындағы қатты бөлшектер мен басқа да зиянды заттардың мөлшерін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді, - деп хабарлады әкімдік.
Екінші ЖЭО-сын жаңғырту жобасы 2023 жылы 31 мамырда жасалған инвестициялық келісім аясында іске асырылып жатыр. Құжатқа «АлЭС» АҚ пен Dongfang Electric International Corporation, Powerchina Sepco1 Electric Power Construction Co., Ltd және Powerchina Hebei Electric Power Engineering Co., Ltd компанияларынан құралған консорциум қол қойған. EPC-келісімшарттың жалпы құны – 325,9 млрд теңге. Жоба даму банктерінің несиелік қаражаты және жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылады.
– Бүгінде қосалқы учаскелер бойынша дайындық жұмыстары толық аяқталған. Ал жаңа газ станциясының құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жүріп жатыр. Жоспар бойынша 2026 жылы шілде айының соңына дейін құрылыстың бірінші кезеңі, ал тамыз-қыркүйек айларында екінші кезеңі аяқталады. Барлық іске қосу-баптау жұмыстары 2026 жылы 30 қыркүйекке дейін толық бітуге тиіс, - делінген хабарламада.
Жоба аяқталғаннан кейін 2-ЖЭО-ның электр қуаты 510 МВт-тан 557 МВт-қа дейін ұлғайып, жылу қуаты сағатына 952 Гкалға дейін жетеді.
Еске салайық, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Алматыдағы екінші және үшінші ЖЭО құрылысының қарқыны төмендеп кеткенін сынға алғанын жазғанбыз.
Ол бұл жұмыстарды тексеруге орынбасарын жіберген еді.