Алматыдағы жер үйлерден 270 реттен астам өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу жағдайлары анықталды

Фото: Фото: Алматы қалалық ТЖД

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда өрт пен газдан уланудың алдын алу үшін «Қол ұшын созу» науқаны өтіп жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мен еріктілер қарт кісілерге, мұқтаж адамдарға, әлеуметтік осал топтардағы отбасыларға көмектесу жұмыстарын бастады.

Алматыда атаулы көмек көрсету үшін 901 отбасы белгіленген. Олардың ішінде 632 отбасына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. ТЖД мәліметіне сәйкес, 100-ден астам отбасы мамандарды үйіне кіргізбеген. Жалпы үйлерді аралау кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің 270-тен астам бұзушылықтары анықталды. Олар: автономды жылыту жүйелеріндегі ақаулар, электр желілері мен электр жабдықтарын пайдалануға байланысты ереже бұзушылықтар және т.б.

- Мемлекеттік өрт бақылау функциясы жеке тұрғын үй сектор аумағында жүзеге асырылмайды. Өрт қауіпсіздігі болуы үшін азаматтар өртке қарсы ережелерді сақтап, мамандардың ескертулерын орындауы қажет. Улы газды анықтайтын датчиктер аз қамтылған отбасыларға және егде жастағы адамдарға ғана қарастырылған. Алматыда мұндай 1404 құрылғы орнатылған, – деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.

Фото: Алматы қалалық ТЖД

Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары алматылықтарға өрт пен газдан уланудың алдын алу жолдарын ұсынды:

- Көміртегі тотығын, улы газдарды анықтайтын датчиктерді орнатыңыз;

- Үйде тозған электр сымдарын ауыстырып, электр қуатына төзімді күйге келтіріңіз;

- Түтін құбырларын, жылыту пештерінің мұржаларын күйеден дер кезінде тазалаңыз;

- Ағаш пен киімдерді көмірмен жылытатын пеш үстіне, мұржаларда және электр пештерінде кептірмеңіз!