Алматыдағы жолаушылар пойызында уланған екі баланың жағдайы қалай

Фото: Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда пойызда уланып, жансақтау бөліміне түскен екі баланың жағдайы белгілі болды. Бұл туралы Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, 11 бала ауруханаға жатқызылды, олардың екеуі жансақтау бөліміне түсті.

12 желтоқсандағы жағдай бойынша реанимациядағы екі науқас бейінді бөлімшеге ауыстырылды, барлық бала қазір профильді бөлімшеде ем қабылдап жатыр.

– Ауруханаға жатқызылған науқастардың жағдайы дәрігерлердің бақылауында. Олардың барлығы медициналық көмектің қажетті көлемімен қамтамасыз етілген, - делінген ведомство таратқан хабарламада.

Қалған науқастар тексеруден өтіп, тиісті көмек көрсетілгеннен кейін тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық емдеуге үйге жіберілді.

Еске салайық, Алматы-2 теміржол вокзалында адамдар табиғи газдан уланып, 52 адам медициналық көмекке жүгінген еді. Олардың арасында балалар да бар: екеуі жансақтау бөліміне түскен. 

Кейінірек Көліктегі полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабы (Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.