Ведомствоның мәліметінше, 11 бала ауруханаға жатқызылды, олардың екеуі жансақтау бөліміне түсті.
12 желтоқсандағы жағдай бойынша реанимациядағы екі науқас бейінді бөлімшеге ауыстырылды, барлық бала қазір профильді бөлімшеде ем қабылдап жатыр.
– Ауруханаға жатқызылған науқастардың жағдайы дәрігерлердің бақылауында. Олардың барлығы медициналық көмектің қажетті көлемімен қамтамасыз етілген, - делінген ведомство таратқан хабарламада.
Қалған науқастар тексеруден өтіп, тиісті көмек көрсетілгеннен кейін тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық емдеуге үйге жіберілді.
Еске салайық, Алматы-2 теміржол вокзалында адамдар табиғи газдан уланып, 52 адам медициналық көмекке жүгінген еді. Олардың арасында балалар да бар: екеуі жансақтау бөліміне түскен.
Кейінірек Көліктегі полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабы (Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.