Алматыдан Ақтауға оңай табыс іздеп келген қыз 7 жылға сотталды

АСТАНА. KAZINFORM - Алматыдан Ақтауға келген 20 жастағы бойжеткен Telegram арқылы есірткіні «тығын»тәсілімен таратуды көздеген.

Фото: Polisia.kz

Қылмыстық әрекеті дер кезінде әшкереленіп, оның жанынан синтетикалық психотроптық заттардың 27 орамы тәркіленді.

Ақтау қалалық сотының үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігінің 1), 3) тармақтарымен кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. (Үкім заңды күшіне енді.)

Telegram арқылы «оңай табыс», «курьер» немесе «закладка» сияқты жұмыс ұсынатын хабарламалар – ақша табудың жолы емес, қылмыстық жауаптылыққа апаратын жол.

Бірнеше мың теңге үшін өміріңізді құртып алмаңыз! - делінген Маңғыстау облысының прокуратурасы хабарламасында.

Айта кетейік, Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданының тұрғыны оңай жолмен ақша табу үшін 10 мың теңгеге банктік шотын алаяқтарға берген. Нәтижесінде оның шоты қылмыстық схемаға пайдаланылып, өзі қылмыстық жауапқа тартылды.