Алматыдан ұшатын рейстер ауа райына байланысты кешіктіріліп жатыр

Фото: Александр Павский/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Air Astana Алматыдан ұшып шығатын кешкі рейстерін тұман мен көріну қашықтығы 150 метрден кем болуына байланысты кешіктіріп жатыр. 

Air Astana баспасөз қызметінің мәліметінше, рейстер Airbus NEO ұшақтарымен орындалады. Ал компания әуе кемелерінің өндірушісі енгізген шектеулерге сәйкес қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін осындай шешім қабылдаған.

Кейбір рейстерді орындау үшін FlyArystan компаниясының резервтік ұшағы қолданылады.

Әуе компаниясы жолаушыларға рейстер туралы ақпаратты ресми сайттан немесе Air Astana мобильді қолданбадан алдын ала тексергені жөн.

Еске салайық, бұған дейін қалың қар мен бұрқасын Түркияның ең ірі қаласында көлік пен авиация жұмысына кедергі келтіріп, Ыстанбұлда ондаған рейс тоқтатылғанын жазғанбыз.