«Алматыэлектротранс» экс-басшысына қатысты тергеу уақытша тоқтады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Халықаралық іздеуде жүрген «Алматыэлектротранс» ЖШС бұрынғы бас директоры Берікхан Мырзакәрімов әлі табылмады.
Алматы бойынша экономикалық тергеу департаменті Қылмыстық кодекстің 189-бабы 2-тармағы 4-бөлігі (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу, яғни аса ірі көлемде жымқыру) бойынша экс-басшыға қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша түпкілікті процессуалдық шешім әлі қабылданбағанын мәлімдеді.
— Күдікті Б. К. Мырзакәрімовке халықаралық іздеу жарияланғанына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылды. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеудің өзге деректері жария етілмейді, — деді Алматы бойынша экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Тілемісов.
Айта кетейік, Мырзакәрімов «Алматыэлектротранс» ЖШС-ін 2021 жылғы ақпанда басқарған, ал 2023 жылғы желтоқсанда оған іздеу жарияланды.
Ал 2025 жылғы тамызда Берікхан Мырзакәрімов шетелде іздестіріліп жатқаны хабарланды.