Алматыға қала күніне арналған фестивальге 200 тонна алма жеткізілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бүгін Алматыда Қала күніне орай Alma Qala фестивалі басталды.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Қала орталығында тақырыптық алаңдар ұйымдастырылып, қонақтарға фермерлік өнімдер, қолөнер бұйымдары, гастрономия, музыка және бүкіл отбасыға арналған түрлі ойын-сауық түрлері ұсынылды.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Фестивальдің басты ерекшеліктерінің бірі – алма. Мерекеге орай танымал сорттардан бастап сирек кездесетін және әйгілі алматылық апорт, жалпы 200 тоннадан астам алма жеткізілді.

Фото: Александр Павский/Kazinform

16-Alma Qala фестивалі Панфилов пен Қазыбек би көшелерінің қиылысында өтіп жатыр. Мұнда Алматы агломерациясының фермерлік шаруашылықтары өз өнімдерін таныстырады. Келушілер алманың түрлі сорттарынан дәм татып, сатып ала алады.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Фестиваль 10 тақырыптық аймаққа бөлінген. Ұлттық аймақта фольклорлық ұжымдар, этникалық ансамбльдер мен күй орындаушылары өнер көрсетеді. Театр сахнасында Алматы театрлары спектакльдер қойып, балаларға арналған қойылымдар мен әдеби оқулар ұйымдастырылды.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Кішкентай қонақтарға да арнайы алаң қарастырылған. Мұнда аниматорлар жұмыс істеп, түрлі ойындар мен шығармашылық шеберлік сабақтары өтеді.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Қолөнершілер аймағында 50-ден астам өндіруші мен шығармашылық кәсіпкер өз бұйымдарын ұсынып жатыр. Келушілер шеберлердің жұмыстарын тамашалап қана қоймай, тоқу, сурет салу, мүсіндеу, ағаш ою және әшекей бұйымдар жасау бойынша өздерін сынап көре алады.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Фестивальдің гастрономиялық бөлігінде жергілікті өндірушілердің өнімдері ұсынылған. Сөрелерде тосап, джем, пастила, кептірілген жемістер, алма чипстері, бал, құрт және басқа да жергілікті өнімдер бар.

Жеке алаң цифрлық технологияларға арналған. Мұнда Алматының цифрлық музейі жасалып, технологиялардың дамуымен бірге қаланың қалай өзгеріп жатқаны туралы ақпарат беріледі.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Ұйымдастырушылар экологиялық мәселелерге де назар аударған. Эко-аймақта келушілерге қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу, сондай-ақ «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы қалалық экологиялық бастамалар туралы айтылады. Жанында оннан астам ұйым қатысатын волонтерлер станциясы жұмыс істейді.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Музыкалық бағдарлама да мерекенің маңызды бөлігіне айналды. Фестивальдің алғашқы күнінде қонақтар алдында Али Оқапов, Мәди Рымбаев, Нұрғалім Аманбай, Нұрмұхаммед Жақып, Акерке Амалят, Кәрім Мутурғанов, Жас-Мұқасан және ILIGAI өнер көрсетті.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Alma Qala фестивалі 20 қыркүйекке дейін жалғасады. Келушілерді әртістердің өнер көрсетуі, тақырыптық алаңдар, жергілікті өндірушілердің жәрмеңкесі және Қала күніне арналған мерекелік бағдарлама күтеді.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Қаланың негізгі алаңдарына кіру тегін.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Еске салайық, бұған дейін Алматыда қала күні қалай атап өтілетінін хабарладық.

Фото: Александр Павский/Kazinform