Алматыға қалың қар түсті
АЛМАТЫ. KAZONFORM – Алматының коммуналдық қызметтері қардың түсуіне байланысты күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Қалада сағат 17:00-де басталған жаңбырдың арты қарға ұласты, ол таңға дейін жауады деп болжанып отыр.
Сағат 22:00-де қалаға 4 см қар түсті, Каменск үстіртінде – 15 см, таулы аудандарда – 35 см-ге дейін жауды.
Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасынан мәлім еткендей, 240 жол жұмысшысы мен 396 техника қар тазалауға жұмылдырылды.
– Қар күреу белсенді жүргізіліп жатыр. Әсіресе, таулы және тау бөктеріндегі аудандар ерекше назарға алынды. Тротуарларды, жалпы пайдалану орындарын, қоғамдық көлік аялдамаларын және жаяу жүргіншілер өткелдерін тазалау үшін 65 бірлік шағын техника тартылды, – делінген хабарламада.
«Қазгидромет» РМК ақпаратына сәйкес, қар 16 желтоқсан күні таңертең аяқталады. Түнде ауа температурасы -6, -8 градусқа дейін төмендейді. Батыстан батыстан соққан желдің екпіні 13 м/с жетеді. Көктайғақ болады.
Осыған байланысты коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы жүргізушілерден сақтық шараларын, жылдамдық режимін және автомобильдер арасындағы қашықтықты сақтауын сұрайды.
Бұдан бөлек, қар тазалау техникасының жұмысына кедергі келтірмеу үшін жол жиектеріне көлік қоймауды ұсынды.
– Қала тұрғындарын қар жауғанға дейін «Медеу» мұз айдыны мен «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортына уақытша барудан бас тартуға шақырамыз. Бұл трафикке ауыртпалық түсіруі мүмкін, ал ол жолдарды тазалауды қиындатады, – деп атап өтті басқармадан.