Алматыға қай елден турист көп келеді
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Алматыға 750 мыңға жуық шетелдік турист келеді деп болжанып отыр. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Үкімет отырысында айтты.
− Алматыда туризм саласы қарқынды дамып келеді. 2024 жылы туристердің жалпы саны 14,8%-ке өсіп, 2 млн 340 мың турист болды. Шетелдік туристер саны 27%-ке айтарлықтай өсіп, 680 мыңнан асты. Ал ішкі туристер саны 10,4%-ке өсіп, 1 650 мың адамнан асты. Туристерге көрсетілген қызмет көлемі 30%-ке артып, 96,3 млрд теңгеге жетті, − деді Ерболат Досаев.
Әкімнің айтуынша, Алматыға келушілер арасында Үндістан, Қытай, АҚШ, Түркия, Оңтүстік Корея азаматтары көш бастап тұр.
Қалада туризм саласында 83,5 мың адам жұмыспен қамтылған, орташа жалақы — 480 мың теңге.
− Туристер санының өсуі негізгі капиталға салынған инвестициялардың артуымен қатар жүрді. 2024 жылы 111 млрд теңге инвестиция тартылып, 2,1% өсім көрсетті. Салық түсімдері 92,1%-ке өсіп, бюджетке 90,7 млрд теңге түсті. Биыл шетелдік туристер саны 10% өсіп, 750 мың адамға дейін жетеді деп болжанған, − деді ол.
Сондай-ақ, биылғы мамыр айында қаладағы Almaty Museum of Arts және «Целинный» заманауи мәдениет орталығының құрылысы аяқталады.
− Қаланың негізгі инфрақұрылым нысандарын жаңғырту жалғасып жатыр. Биыл «Медеу» мұз кешенін және «Орталық стадионды» 35 мың көрерменге дейін ұлғайту және жаңғырту жұмыстары басталады. Бұл жұмыстар 2027 жылы аяқталады, − деді Ерболат Досаев.
Айта кетейік, соңғы 5 жылда Қазақстандағы туристер саны 7,5 есе өсті. Былтыр елімізге 15 млн-нан астам адам саяхаттап келген.
«Астана Концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов америкалық актриса және әнші Дженнифер Лопестің Астанада өтетін концертінен қанша экономикалық пайда түсетінін айтты.